Семейде қала күніне арналған үлкен мерекелік концерт өтті

13

Семейде қала күні қарсаңында облыс орталығының бай тарихы мен рухани мұрасын дәріптеп, еңбек адамдарына құрмет көрсетуге арналған «Семей — жүрегімдегі қала» мерекелік концерті өтті.

Іс-шараға қала әкімі Әділет Қожанбаев қатысып, Семейдің ел тарихындағы айрықша орнына тоқталды. Сондай-ақ қаланың басты байлығы — өз еңбегімен оның дамуына үлес қосып жүрген адамдар екенін атап өтті.

«Семейдің тарихы — мемлекеттілігіміздің, ұлттық рухымыз бен рухани мұрамыздың ажырамас бөлігі. Сондықтан биылғы мерекенің „Семейді сүю — тарихқа бас ию“ тақырыбының мәні терең. Мерекелік бағдарламаның негізінде туған жерге деген сүйіспеншілік, еңбек пен үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, татулық пен бірлік идеялары жатыр. Бүгінгі „Семей — жүрегімдегі қала“ концерті мен „Үздік маман — 2026“ марапаттау рәсімі күнделікті адал еңбегімен қаламыздың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетуге арналды», — деді қала әкімі.

Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында өз ісінің кәсіби мамандары мен еңбек адамдарына құрмет көрсетудің маңызын атап өткен болатын. Осы бастаманың жалғасы ретінде мерекелік кеш барысында «Үздік маман — 2026» марапаттау рәсімі өтті.

Қала әкімі Әділет Қожанбаев салтанатты кеште түрлі салада адал еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс хаттар табыстады. Бұл марапаттар олардың өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынын және Семейдің дамуына қосқан үлесін мойындаудың белгісі болды.

«Қала тарихы концерттік бағдарламада сахна өнері арқылы көрініс тапты. Әртістер көркем қойылымдар мен әндер арқылы Семейдің рухани болмысын ашып көрсетті. Дәстүрлі әндер ұлттық өнердің тереңдігін танытса, заманауи шығармалар кешке ерекше серпін берді. Тарих пен бүгінді, дәстүр мен жаңа шығармашылық бағыттарды тоғыстырған концерт көрермендердің туған қалаға деген сүйіспеншілігін тереңірек сезінуіне мүмкіндік берді», — деп атап өтті әкімдікте.

Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: