Семейде тағы бір топ жас әскерге аттанды

19

Семейде әскерге шақырылушыларды мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Жас сарбаздар мен олардың ата-аналары үшін маңызды шараға қала әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев қатысты.

Ол әскерге шақырылушыларға сәттілік тілеп, әскери қызмет үлкен жауапкершілікті талап ететінін, ал бейбіт өмір мен ел шекарасының мызғымастығын қорғау — әр азаматтың абыройлы міндеті екенін атап өтті.

«Алдарыңызда өмірдің жаңа кезеңі — әскери қызмет тұр. Осы уақыт ішінде отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз артып, мінездеріңіз шыңдалып, жауапкершілік сезімдеріңіз нығая түсетініне сенімдімін. Әскери борыштарыңызды абыроймен атқарып, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызға қуаныш сыйлап, үйлеріңізге аман-есен оралуларыңызға тілектеспін. Қызметтеріңіз абыройлы, қадамдарыңыз нық, рухтарыңыз мықты болсын», — деді қала әкімінің орынбасары.

Еске салайық, президент жарлығына сәйкес қыркүйек айында облыстың қалалары мен аудандарында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Науқан аясында жыл соңына дейін еліміз бойынша 21 мыңнан астам жас азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарлануда. Оның ішінде 1500-ден астамы — Абай облысынан.

Күзгі әскерге шақыру науқаны барысында 18-ден 27 жасқа дейінгі, кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатылуға негіздері жоқ азаматтар қарулы күштерге, ұлттық ұланға, шекара қызметіне, төтенше жағдайлар министрлігіне және мемлекеттік күзет қызметіне әскери қызметке жіберіледі.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: