Семейде «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында алғашқы күзгі сенбілік өтті

219

Бүгін таңертең Сеченов көшесіндегі бүйрек орталығы маңындағы жаяу жүргіншілер аллеясында облыс әкімі Берік Уәли мен қала әкімі Әділет Қожанбаев «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық науқаны аясында алғашқы күзгі сенбіліктің басталуына бастамашы болып, аумақты тазалауға тырма мен қаптарды қолға алып, өздері де атсалысты.

Әкімдіктің мәліметінше, қаланы тазарту жұмыстарына 10 мыңнан астам семейлік қатысты. Жұмысқа 32 арнайы техника жұмылдырылып, 1000 текше метрден астам қоқыс шығарылды.

«Биылғы 4 сәуірден бастап Абай облысының барлық елді мекенінде санитарлық тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде сенбіліктерге 315 мыңнан астам тұрғын қатысып, 6842 ұйым мен 3017 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 38 мың аула, 1134 саябақ пен сквер тазартылып, полигондарға 52 216 тонна қоқыс шығарылды», — делінген хабарламада.

Әкімдік атап өткендей, облыста 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру бойынша 44 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілген. Ағымдағы жылдың бірінші және екінші тоқсанында осы жылға жоспарланған 32 экологиялық іс-шараның 18-і өткізілді.

Алайда тазалық жұмыстары жүргізілгенімен, тазалықты сақтау мен оған жауапкершілікпен қарау қамтамасыз етілмесе, мұндай шаралардың барлығы бос әурешілікке айналуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін әкімдік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бар заңсыз қоқыс орындарын жою және жаңа қоқыс ошақтарын пайда қылуға тырысқан құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл ретте қаладағы проблемалы учаскелерге қатысты шағымданып, коммуналдық қызметтердің назарын аударып жүрген бейжай қарамайтын семейліктердің де үлесін атап өткен жөн.

«Биыл 330 рейд өткізіліп, оның барысында 2178 заң бұзушылық анықталды. ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 8302 хаттама толтырылды. Ал ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған 141 заңсыз қоқыс орнының 133-і жойылды», — деп атап өтті әкімдікте.

Облыс әкімі «Таза Қазақстан» идеясы бір реттік сенбіліктермен шектелмеуі керек екенін, оның тазалықты сақтаудың тұрақты мәдениетіне айналуы тиіс екенін атап өтті.

«Тазалық тек сенбілік кезінде ғана орнатылмауы керек. „Таза Қазақстан“ идеясының басты мақсаты — әрбір тұрғынның өзі тұратын елді мекенге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру. Облыста ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар тазалықты сақтау, абаттандыру және стихиялық қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу бағытында әлі де атқарылатын жұмыс көп. Бұл жұмыс үздіксіз жүргізілуі тиіс. Таза әрі абаттандырылған елді мекен — ең алдымен оның тұрғындарының ортақ еңбегінің нәтижесі», — деді Берік Уәли.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: