Абай облысында бірден үш жаңа теміржол вокзалы ашылды

94

Бүгін Абай облысының Жарма ауданындағы «Үшбиік», «Жарма» және «Шар» станцияларында жаңартылған теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. Нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жөндеу жұмыстарының аяқталуымен жергілікті тұрғындарды құттықтады.

Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында еліміз бойынша 124 вокзалды жаңарту жұмыстары басталған болатын. Оның ішінде 10 вокзал Абай облысында орналасқан.

«Теміржол — еліміздің елді мекендерін байланыстыратын стратегиялық маңызы бар көлік жүйелерінің бірі. Сондықтан оның инфрақұрылымын жаңарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау — уақыт талабынан туындаған маңызды міндет. Бүгін маңызды көлік жолдарының тоғысында орналасқан Жарма ауданында бірден үш жаңа вокзалды ашып отырмыз. Олар жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, Жарма ауданының одан әрі дамуына ықпал етсін», — деді Берік Уәли.

Жаңартылған үш станцияның өңірдің көлік жүйесінде маңызы зор. Олар арқылы «Семей — Астана», «Новосибирск — Алматы», «Павлодар — Алматы», «Семей — Қызылорда» және «Өскемен — Алматы» бағыттарындағы жолаушылар пойыздары қатынайды.

Шар қаласындағы теміржол вокзалы 1982 жылы салынған. Жаңғырту жұмыстары барысында ғимараттың жалпы ауданы 413 шаршы метрден 654 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Бір қабатты нысан екі қабатты ғимаратқа айналып, ішкі бөлмелері толық жаңартылды. Ғимаратта лифт орнатылып, жолаушыларды күту және қызмет көрсету аймақтары қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды. Сонымен қатар вокзалда бұрын болмаған ұзындығы 716 метр аралдық платформа салынды.

«Үшбиік» станциясындағы теміржол вокзалы 1995 жылы салынған. Нысанға соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 14 жыл бұрын жүргізілген. Қазір жаңғырту нәтижесінде ғимараттың жалпы ауданы 83,7 шаршы метрден 201,1 шаршы метрге дейін ұлғайды. Ішкі бөлмелер жаңартылып, жолаушыларды күту және қызмет көрсету бөлмелері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Ал «Жарма» станциясындағы вокзал ғимараты 1996 жылы салынған. Техникалық тексеру нәтижесінде бұрынғы ғимаратты толықтай бұзып, оның орнына жаңа вокзал салу туралы шешім қабылданды. Жаңа ғимараттың ауданы 217 шаршы метрден 347,7 шаршы метрге дейін ұлғайды. Ішкі бөлмелер қайта жабдықталып, жолаушыларды күту және қызмет көрсету аймақтары заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Сонымен қатар 650 метр перрон жаңартылды.

Атап өтілгендей, үш вокзалдың барлығында жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген.

Жалпы, Абай облысындағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған дейін жазғанымыздай, биыл маусым айында Бородулиха ауданындағы «Ауыл» және «Белағаш» станцияларындағы вокзалдар пайдалануға берілді. Ал 27 тамызда Курчатов қаласында «Дегелең» станциясының жаңа вокзалы ашылды.

Ертең, 1 қыркүйекте, Мақаншы ауданындағы «Жалаңашкөл» станциясының жаңартылған ғимаратын ашу жоспарланып отыр. Одан кейін кестеге сәйкес қыркүйек айының соңына дейін Семей және Аягөз қалаларындағы, сондай-ақ Ақтоғай кентіндегі теміржол вокзалдарын ашу көзделген.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: