Абай облысында жаңа теміржол вокзалы салтанатты түрде ашылды

76

Бүгін Курчатов қаласында облыс әкімі Берік Уәлидің қатысуымен «Дегелең» теміржол вокзалының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды.

Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында еліміз бойынша 124 вокзалды жаңарту жұмыстары басталған болатын. Оның ішінде 10 вокзал Абай облысында орналасқан.

Қайта жаңғырту жұмыстары аясында Курчатов қаласындағы ауданы небәрі 85 шаршы метр болған ескі вокзал ғимараты толықтай сүрілді. Оның орнына ауданы 300 шаршы метр болатын жаңа ғимарат салынды.

Вокзалдың ішкі кеңістігі заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда жолаушыларға арналған күту залдары мен қызмет көрсету аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін нысанның қолжетімділігіне айрықша көңіл бөлінген. Жалпы станцияда 190 адам еңбек етеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға, теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында Абай облысында 10 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары басталды. Маусым айында еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып Абай облысының Бородулиха ауданындағы «Ауыл» және «Белағаш» станцияларында орналасқан екі вокзал аяқталып, пайдалануға берілді. Алдағы күндері Мақаншы ауданындағы «Жалаңашкөл» станциясында, сондай-ақ Жарма ауданындағы «Шар», «Жарма» және «Үшбиік» станцияларындағы жаңартылған теміржол вокзалдары ашылады. Қыркүйек айында Семей және Аягөз қалаларындағы, сондай-ақ Ақтоғай кентіндегі вокзалдарды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың басты мақсаты — тұрғындар мен жолаушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздік деңгейін арттыру және теміржол қызметін заманауи талаптарға сәйкестендіру», — деді Берік Уәли.

Облыс әкімі жаңа вокзал Курчатов тұрғындары мен өңір арқылы өтетін жолаушыларға сапалы әрі жайлы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін маңызды нысан болатынын атап өтті.

«Бүгін ашылып отырған «Дегелең» вокзалы — ауқымды жұмыстардың нақты нәтижелерінің бірі. Бұрынғы ғимараттың ескі әрі тар болғанын бәріңіз білесіздер. Енді вокзал аумағы кеңейтіліп, перрондар ұзартылды», — деп толықтырды өңір басшысы.

Вокзалдың жаңартылғанына теміржолшылар да қуанышын білдірді. Енді олар да анағұрлым қолайлы жағдайда жұмыс істейтін болады.

«Осы уақытқа дейін жолаушылар 1957 жылы салынған ғимараттың қолайсыздығына төзуге мәжбүр болды. Ғимарат әбден тозып, тұрғындарға тиісті деңгейде қызмет көрсетуге қауқарсыз еді. Үкімет пен Абай облысы әкімдігінің қолдауының арқасында вокзал адам танымастай өзгерді. Жақын уақытта нысан тұрақты пайдалану және жолаушыларға қызмет көрсету үшін Семей магистральдық желі бөлімшесіне беріледі. Баршаңызды осы қуанышты оқиғамен құттықтаймын», — деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вокзал шаруашылығы дирекциясы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Әзімханов.

Айта кетейік, станция арқылы «Өскемен — Астана», «Семей — Астана», «Алматы — Павлодар» және «Семей — Ақтау» бағыттарындағы жолаушылар пойыздары қатынайды.

Жалпы, «Дегелең» вокзалын жаңарту мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Курчатовты ғылым қаласы ретінде кешенді дамыту жұмыстарының бір бөлігі болып табылады.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: