Жидебайдағы даулы қонақүй заманауи визит-орталыққа айналмақ

206

Жидебайда туристерге арналған жаңа визит-орталық ашылады.

Абай облысының әкімдігінде Абай ауданындағы «Жидебай — Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы аумағында туристерге арналған «ABAY KUNANBAYULY VISITOR CENTER» заманауи визит-орталығын салу мәселесі қаралды. Жоба аясында 200 шаршы метр аумақта кафе мен қонақүй де орналастырылады.

Бұл бастама алғаш рет өткен жылы 500-ге жуық кәсіпкер қатысқан «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумында таныстырылған болатын. Сол кезде Абай облысы, бірқатар өңірлер мен отандық компаниялар арасында өзара ынтымақтастық туралы 15 меморандумға қол қойылды.

Атап айтқанда, жерлесіміз Қайрат Итемгенов жетекшілік ететін қазақстандық «Aqniet Group» компаниялар тобы Семей қаласы мен Абай облысының инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде экотуризм, этнотуризм және өңірлік даму бағыттарына миллиардтаған теңге инвестиция салуға ниет білдірген еді.

Осы келісім аясында өткен жылы Семейде бұрынғы метиз-фурнитура зауытының ғимараты жөнделіп, «Pana Complex Semey» қонақүйі мен «Tary» кофеханасы ашылды. Биыл «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы мен бұрынғы зооветеринария институтының ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Жуырда Абай облысының Мақаншы ауданында «Port Baqty» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Итемгеновтің бастамасымен мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парктің құрылысы басталды.

Дәл сол инвестициялық форумда Жидебайдағы Абай Құнанбайұлының музей-үйі маңында туристік визит-орталық, «Pana» қонақүйі мен «Tary» кофеханасын салу жоспары да жарияланған болатын. Ол кезде бұл аумақта демалуға және тамақтануға қажетті жағдайдың жоқтығы айтылған еді.

Енді белгілі болғандай, жалпы инвестиция көлемі 500 млн. теңгені құрайтын «ABAY KUNANBAYULY VISITOR CENTER» жобасы 40 жаңа жұмыс орнын ашуды және тәулігіне 1000 адамға дейін қабылдай алатын туристік инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы нысанды «Pana Asia» ЖШС-нің 20 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

«Жоба музей-қорық аумағындағы жалпы ауданы 532,8 шаршы метр болатын қолданыстағы ғимаратты қайта жаңғырту арқылы жүзеге асырылады. Жеке инвестордың қатысуы өңірдегі ең маңызды тарихи-мәдени нысандардың бірінің туристік тартымдылығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді», — деді облыс әкімі Берік Уәли.

Жидебай — туристік жобалардың жаңа орталығы.

Еске салсақ, 2025 жылдың шілде айында облыс әкімі Берік Уәли мен меценат Бектас Медғатов Жидебайдағы Абай Құнанбайұлы кесенесі аумағында бой көтеретін, көлемі 60 гектарды құрайтын «Taukum Ethno Park» туристік кешенінің орнына уақыт капсуласын салған болатын.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай жүзеге асырылатын жобаға 1,2 млрд. теңге көлемінде жеке инвестиция тартылады.

Кешен құрамында жыл бойы жұмыс істейтін киіз үйлер мен бунгало үлгісіндегі қонақүйлер, этно-SPA орталығы, монша, балалар және спорт алаңдары, қоғамдық тамақтану орындары болады. Сонымен қатар ипподром, хайуанаттар бағы, конференц-зал, тимбилдинг алаңдары, электр көліктеріне арналған қуаттау станциялары, техникалық қызмет көрсету станциясы, жанармай құю бекеті және қызметкерлерге арналған жатақхана салу жоспарланған.

Алайда уақыт капсуласы салынғанына бір жыл өтсе де, құрылыстың барысы туралы жаңа ақпарат жарияланған жоқ. Ал жобаның алғашқы кезеңі 2025 жылдың тамызында басталуы тиіс еді.

Жаңа құрылыс пен ескі дау.

Жидебайдағы жаңа құрылыс жобалары көпшіліктің есіне музей-қорықты 35 жыл басқарған абайтанушы Төкен Ибрагимовтің кезінде туындаған көпжылдық дауды түсіреді. Ол музей-қорық аумағында қандай да бір құрылыс жүргізуге үзілді-кесілді қарсы болып, сол кездегі Шығыс Қазақстан облысы мен Абай ауданының билігімен ұзақ уақыт пікір қайшылығында болған.

Бұл оқиға туралы журналист Милана Гузеева 2013 жылғы 11 шілдеде «Время» газетінде жарияланған «Оккупай Абай» мақаласында егжей-тегжейлі жазған.

Мақалаға сәйкес, 2008 жылы сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Әділғазы Бергеневтің бастамасымен туризмді дамыту мақсатында Құнанбай Өскенбайұлының құдығы мен Абай Құнанбайұлының қыстауының арасына, Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдығына орай қонақүй құрылысы басталған. Осы кезде Төкен Ибрагимов мәселе көтеріп, оның дауысы мәдениет министрлігіне дейін жеткен.

Жидебайға келген министрлік комиссиясы құрылыс тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органның келісімінсіз басталғанын анықтады.

«Комиссияның басты қорытындысы бойынша, Абай Құнанбайұлы музей-қорығы ұлы ақынның туған жерінің тарихи келбетін мүмкіндігінше сол күйінде сақтау мақсатында құрылған», — деп жазылған «Время» газетінің мақаласында.

Даулы қонақүйдің кейінгі тағдыры.

Кейін комиссия Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық мерейтойына байланысты қонақүй құрылысын аяқтауға рұқсат бергенімен, мерейтойдан кейін ғимаратты музей-қорық аумағынан басқа жерге көшіріп, жерді бастапқы қалпына келтіру жөнінде талап қойған.

Бірнеше айдан кейін Абай ауданының әкімі болып Ержан Сүлеймен тағайындалып, жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін алға тартып, қонақүй құрылысын жалғастыруды ұсынды.

2012 жылы музей ғимаратты бұзу туралы сотқа талап арыз берді. Алайда 2013 жылы музей-қорық директоры Төкен Ибрагимов зейнеткерлік жасқа толуына байланысты қызметінен кетіп, оның ісін жаңа директор Жандос Әубәкір жалғастырды.

Бір жылдан кейін тараптар ортақ шешімге келді. Мердігер ұйым 115 млн. теңгеге бағаланған, 30 орындық, орталық жылу және сумен жабдықтау жүйесіне қосылған қонақүйді толық аяқтап, кейін оны Абай ауданы әкімдігі арқылы музей-қорықтың теңгеріміне өтеусіз беруі тиіс болды.

2015 жылдың қаңтар айының соңында жаңадан тағайындалған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапары барысында Жидебайда қысқы үлгідегі қонақүй мен туристерге арналған кафені Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына дейін ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Ол кезде жеті жыл бойы пайдаланылмаған даулы қонақүйді іске қосу үшін небәрі 16 млн. теңге мен жер актісі ғана жетіспейтін. Кейін бұл мәселе шешіліп, нысан 2015 жылдың тамызында пайдалануға берілді.

Алайда мерейтой аяқталғаннан кейін бұл нысанның өз мақсатына сай жұмыс істегені жөнінде нақты ақпарат болған жоқ. Ғимараттың қасбетінде тек «Абайтану орталығы» және «Қызмет көрсету орталығы» деген жазулар ғана пайда болды.

Енді облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, аталған нысан қайта жаңғыртылып, заманауи «ABAY KUNANBAYULY VISITOR CENTER» визит-орталығына айналады. Мұнда Жидебайға келушілер өңір туралы қажетті ақпарат алып қана қоймай, сапалы демалыс пен тамақтану қызметін де пайдалана алады.

Туристік инфрақұрылымды дамыту мен Жидебайдың тарихи келбетін сақтаудың үйлесім таба алатыны жоба жүзеге асқаннан кейін белгілі болады.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: