Семейде 4 шақырымнан астам жолға екі ауысымда жаңа асфальт төселуде

301

Жол — халықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Сондықтан семейліктердің жол сапасына қатысты шағымдары жиі айтылатыны да заңдылық. Расында, қала жолдарының мәселесі көптен бері өзекті болып келеді.

Бұрын жол жөндеу жұмыстары көбіне шұңқырларды жамаумен шектелсе, бүгінде кейбір көшелерде ескі жабын толық алынып, орнына жаңа асфальт төселуде. Соның бірі — Мичурин көшесі.

Жуырда облыс орталығында Абай және Жангелдин көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстары жалғасты. Мұнда ескі асфальт-бетон жабыны толық алынып, оның орнына қалыңдығы 12 сантиметр болатын екі қабатты жаңа асфальт төселуде.

Жұмыстар екі ауысымда жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар екі көшеде де жаңа асфальтпен бірге уақыт тоздырған жиектастар да жаңартылады.

Абай көшесінде 2,7 шақырым жол жөнделсе, Жангелдин көшесінде Қаржаубайұлы даңғылынан Шугаев көшесіне дейінгі 1,6 шақырым жолға жөндеу жүргізіліп, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынады.

Алайда Жангелдин көшесіндегі жаңа асфальттың ұзақ сақталуына қатысты алаңдаушылық та бар. Қаланы айналып өтетін айналма жол салынбайынша, осы тар көшемен күн сайын қатынайтын ауыр жүк көліктері жаңа жол жабынын тез тоздырып, бұрынғыдай ойықтар мен толқындардың қайта пайда болуына себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары қаланың елордадан келетін жоғары лауазымды қонақтарды қарсы алуға дайындалуымен байланысты деген пікірлер де жиі айтылып жүр. Алайда бұл рас болған күннің өзінде, төселген жаңа асфальт, салынған тротуарлар мен жаңартылған жиектастарды ешкім өзімен бірге алып кетпейді. Кем дегенде, солай болады деп үміттенеміз.

Ендігі міндет — жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары семейліктердің үмітін ақтап, жаңартылған көшелер ұзақ уақыт бойы қайта жөндеуді қажет етпесе екен. Өйткені облыс орталығындағы өз кезегін күтіп тұрған көшелер әлі де аз емес.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: