Семейде жаңа форматтағы «BINOM» мектебінің құрылысы басталды

186
Бүгін Семейде 1400 оқушыға арналған заманауи «BINOM» мектебінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Бұл — Абай облысының білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі.
 
«Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Облысымызда алғаш рет елімізде кеңінен танылып, ата-аналар мен оқушылардың сеніміне ие болған BINOM мектептер желісінің құрылысы басталды. Бұл — біз үшін үлкен жаңалық әрі ерекше мақтаныш», — деді салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли.
 
Жаңа форматтағы заманауи «BINOM» мектептерінің ең ірі желісі Қарағайлы шағын ауданында бой көтереді. Бір жарым жыл бұрын мұнда 1200 орындық мектеп пайдалануға берілгенімен, оқушылар санының артуына байланысты шағын ауданға тағы бір білім беру мекемесі қажет болып отыр.
 
Қазіргі уақытта «BINOM» желісіне Астанадағы алты және Атыраудағы үш мектеп кіреді. Осылайша, Семей аталған мектеп ашылатын Қазақстандағы үшінші қала болады. Жаңа білім ордасын келесі оқу жылының басына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
 
Айта кетейік, «BINOM» мектептерінде білім беру тегін жүргізіледі және оқу 1–11 сыныптар аралығында қазақ және орыс тілдерінде өтеді.
 
«Әрбір BINOM мектебі — заманауи талаптарға сай жабдықталған, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын инновациялық білім беру кеңістігі. Мектептерде мамандандырылған оқу кабинеттері, физика, химия, биология, нано және биотехнология зертханалары жұмыс істейді. Сондай-ақ кинозалдар, мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг-аймақтар, телестудиялар, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға арналған 3D-принтерлер, робототехника кабинеттері, металл және ағаш өңдеу шеберханалары қарастырылған. Бұдан бөлек, оқушылардың коммуникативтік және көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында Speaking Club және TEDxBINOM алаңдары жұмыс істейді», — делінген баспасөз хабарламасында.
 
Сонымен қатар, биыл мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Астана қаласы Семейде 1500 оқушыға арналған «Келешек» мектебінің құрылысын бастайтыны хабарланды.
 

Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: