Белгілі ғалымдар мен профессорлар Семей қаласындағы бірнеше ғимаратқа алаштанушының атын беру бастамасын көтерді

27

Астана қаласында белгілі ғалымдар мен профессорлар тобы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, Қайым Мұхамедханов атын Семей қаласындағы №6 гимназияға және облыстық өлкетану музейіне беруін сұрап отыр.

Бұл бастама 2026 жылғы 11 ақпанда ҚР-ның ұлттық академиялық кітапханасында өткен «Қайым Мұхамедханов — адал азамат, тарихи тұлға» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтылды. Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Қайым Мұхамедханов — қазақ руханиятының көкжиегін кеңейткен көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз әрі музей ісінің жанашыры. Ол бар саналы ғұмырын ғылым мен ағартушылыққа арнап, ұлттық мәдени мұраны жинақтау, зерттеу және ғылыми жүйелеу ісіне өлшеусіз үлес қосты. Ұстаз ретінде бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, олардың бойына білімге адалдық пен елге қызмет ету қасиетін сіңірді», — деді геральдист Айдын Рысбекұлы.

Карлагтың тар қапасында жүріп, «Тарта көр, Семейімнің топырағы» деп туған жерін аңсаған қайсар Қайым ақсақалдың есімі бүгінде көше атауымен және ескерткішпен ұлықталған.

Ендігі қадам — оның ұстаздық өнегесін білім ордасында жалғастырып, музей ісіне сіңірген еңбегін мәдениет шаңырағында айшықтау. Бұл — Қайым Мұхамедхановтың тарихи орнын айқындайтын маңызды қадам.

«Ұлағатты ұстаздың есімі Семейдегі бір білім ордасына берілмеуі — оның тарихи орнына сай құрметтің толық көрсетілмей отырғанын аңғартатын, елдігімізге сын боларлық жайт деп санаймыз. Сондықтан №6 гимназияға және облыстық өлкетану музейіне ғалым есімін беру — рухани сабақтастықты бекемдейтін, жас ұрпаққа тағылым боларлық шешім болмақ. Осы бастамалардың тарихи әрі рухани маңызын ескере отырып, оларды қолдап, тиісті мемлекеттік органдарға заңнамаға сәйкес тапсырма беруіңізді сұраймыз», — деп қосты Айдын Рысбекұлы, мемлекет басшысына жолдаған ашық хатында.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: