Семейде Абай облысының әнұраны таңдалды

146

Семейде Республика күніне орай «Ұлылар елі» республикалық патриоттық әндер байқауының қорытынды гала-концерті өтті. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Еске салайық, биыл 9 ақпанда көрнекті қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күнінде облыс әкімі ақын-жазушылармен кездесуде Абай облысының әнұранын жасауға арналған байқау өткізу бастамасын көтерген болатын.

«Бүгін сіздердің орталарыңызда жүріп, жақсы жаңалықпен бөліскім келеді. Мемлекет басшысының әділ шешімімен Абай облысы құрылып, бірнеше жылдан бері дербес өңір ретінде дамып келеміз. Ендігі кезекте өңірдің рухы мен беделін асқақтататын патриоттық әнұранға да, халықтың жүрегіне жол табатын жаңа лирикалық әндерге де сұраныс бар», — деген еді сол кезде Берік Уәли.

Айта кетейік, «Ұлылар елі» республикалық ән байқауы музыкалық өнер арқылы Абай облысының тарихи-мәдени мұрасын, қасиетті орындарын, көркем табиғаты мен рухани құндылықтарын насихаттауға бағытталған. Жобаның басты мақсаты — өңірдің музыкалық қорын жаңа шығармалармен толықтыру, талантты композиторлар мен ақындарға қолдау көрсету, сондай-ақ туған өлке туралы әндердің кеңінен таралуына жағдай жасау.

«Бүгін қорытындыланып отырған „Ұлылар елі“ республикалық ән байқауының тұңғыштар мекені Абай облысында өтуі заңды деп ойлаймын. Біз үшін байқаудың ең үлкен жетістігі 64 автордан 88 шығарманың келіп түсуі ғана емес, сол туындылардың арасынан халықпен бірге жасайтын әндердің дүниеге келуі. Байқау бір күндік шарамен шектелмейді, ол композиторлар мен ақындарға жаңа мүмкіндік беріп, әншілеріміздің репертуарын байытады. Авторлық құқық сақтала отырып, жаңа шығармаларды Абай облысының өнерпаздары орындап, ел ішіне кеңінен таратуға мүмкіндік алады. Бүгін сахнада орындалған 16 ән халықтың, өңір тұрғындарының жүрегіне жол табатын рухты, есті әндерге айналады деп сенемін. Байқау жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушыларға, байқауды ұйымдастырушыларға, әншілерге, сазгерлерге, ақындарға облыс жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін», — деді Берік Уәли қорытынды гала-концертте сөйлеген сөзінде.

Концерт барысында байқаудың іріктеу кезеңінен өткен жаңа музыкалық шығармалар көрермен назарына ұсынылды. Қазақстанға танымал және өңірлік өнерпаздардың орындауында 16 ән шырқалды.

Байқау қорытындысы бойынша лауреаттар қатарында «Ethno Arlan» тобы, «ДОС» дуэті, «Элит» тобы, Медғат Әділбек, Мәди Мадияров, Мәди Ахметқожа және Ұшқын Жамалбек бар.

«Киелі Абай елі» номинациясында Клара Төленбаева мен Айгерім Тілеубек «Туған ел сенен айналдым» әнімен бірінші орынға ие болды. Әннің музыкасын Медет Салықов жазған, сөзінің авторы — Серікзат Дүйсенғазы. Ал «Тренд әуен» номинациясында Ұшқын Жамалбек жеңіске жетті, ән сөзінің авторы — Қазірет Бердіхан.

Ұсынылған 88 шығарманың ішінен бас жүлде белгілі эстрада әншісі Қуандық Рахымның орындауындағы «Ұлылар елі» әніне берілді. Әннің сөзін Нұржан Өмірбай жазған, музыкасының авторы — Жарасхан Төлебай.

Лауреаттарға 1 миллион 500 мың теңге көлеміндегі сертификаттар, бірінші орын иегерлеріне 3 миллион теңгелік сертификаттар табысталды. Ал бас жүлде иегері 5 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: