Керуеннің ізімен: Абай облысында 1928 жылғы көшпелі көрмелер дәстүрі жаңғыртылуда

96

Өткен демалыс күндері, 17–18 қазанда, Абай облысының Бесқарағай ауданында суретшілердің «Көне керуен жолдарының ізімен» атты ауқымды пленэрі өтті. Іс-шараның бұлай аталуы кездейсоқ емес.

Семейде бастау алған көшпелі көркемсурет көрмелерінің тарихы 1928 жылдан бастау алады. Дәл сол жылы жергілікті суретші Николай Крутильниковтің бастамасымен Қазақстандағы алғашқы көшпелі суретшілер көрмесі ұйымдастырылды. Көрме түйе мен жылқыға артылған жүктермен Семей — Риддер — Петропавл — Қызылорда бағыты бойынша өткізілген.

Демалыс күндері өткен шығармашылық шараға Семей қаласы суретшілер одағының өкілдері мен жергілікті бейнелеу өнері шеберлері қатысты.

Айта кетейік, пленэр облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Жоба бейнелеу өнері арқылы өңірдің тарихи-мәдени мұрасы мен табиғи ерекшеліктерін насихаттауға бағытталған.

2028 жылы Қазақстандағы алғашқы көшпелі көркемсурет көрмесінің ұйымдастырылғанына 100 жыл толады. Бүгінде семейлік суретшілер осы дәстүрді жаңғыртып, алдағы уақытта Абай облысы әкімдігінің қолдауымен көшпелі көрмелер өткізуді жалғастыруды армандайды.

Бұл бастама Семейдің Қазақстандағы көптеген маңызды оқиғалардың бастауында тұрған қаланың тарихи рөлін айқындауды көздейді. Сонымен қатар ол облыс әкімі Берік Уәлидің «Семей — тұңғыштар мекені» идеясымен де үндеседі.

Бұл жолғы шығармашылық сапардың алғашқы бағыты Бесқарағай ауданы болды.

Мұнда суретшілер Қанөнер ауылының маңындағы Үлкен көл жағасындағы күзгі табиғаттың әсемдігін өз туындыларына арқау етті. Одан кейін қылқалам шеберлері ғасырдан астам тарихы бар, 2021 жылы қалпына келтірілген тарихи Ақкөл мешітіне барып, ғибадат орнының ерекше атмосферасы мен сәулеттік сұлулығын өз жұмыстарында бейнелеуге тырысты.

Пленэрдің шығармашылық тобына бейнелеу өнерінің 19 шебері бірікті.

Семей суретшілік мектебінің атынан Абай облысы суретшілер одағының төрағасы Рахат Берікбол, сондай-ақ суретшілер Сағат Әділханов, Фарид Хасенов, Талғат Татиев, Аманбек Бейсембаев, Виктор Шмидт, Еркебұлан Татиев, Александр Белов, Михаил Пауцкий, Аманбек Искаков, Әділет Әлинов, Дархан Санияр, Үсен Шаяхметов, Ақерке Каримова, Тоғжан Таминбаева және Гүлназ Ильясова қатысты.

Ал Бесқарағай ауданының атынан Ерлан Қаббас пен Ерлан Чегибаев қатысты.

Пленэр қорытындысы бойынша аудан орталығында қатысушылардың жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Ол шығармашылық сапардың қорытындысы ғана емес, сонымен қатар бір ғасырға жуық уақыт бұрын Семейде бастау алған көшпелі көркемсурет көрмелері дәстүрін жаңғырту жолындағы тағы бір қадам болды.

Абай облысы суретшілер одағы төрағасының айтуынша, семейлік суретшілердің үш тілде альбом-каталогын шығару жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: